Бүгін Орталық Азия үшін бәсекелестіктен бірлескен ілгерілетуге және аймақтың жалпы инвестициялық брендін құруға өту үшін тарихи мүмкіндік құрылды. Бір-бірімізбен жеке бәсекелесу арқылы миллиондаған инвестицияларды тарта аламыз. Ал Орталық Азияны біртұтас аймақ ретінде бірлесіп таныту арқылы миллиардтаған инвестицияларды тартуға мүмкіндік ашылады.
— Равшанбек Сабиров, Қазақстан Республикасының Президентіне қарасты Инвестициялар бойынша ұлттық агенттіктің басшысы
Дөңгелек үстелдің өткізілуі
V Ташкент халықаралық инвестициялық форумының аясында Орталық Азия елдерінің инвестицияларды ілгерілету бойынша агенттіктерінің жетекшілерінің «Инвестицияларды бірлесіп ілгерілету үшін аймақтық платформаны құру» атты дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараның барысында Равшанбек Сабиров халықаралық инвесторлар Орталық Азияны барған сайын біртұтас экономикалық кеңістік ретінде қарап жатқанын атап өтті. Аймақ ірі нарыққа, елеулі ресурстық әлеуетке және бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін кең мүмкіндіктерге ие екенін айтты.
Ол инвестициялық бағыттағы аймақтық ынтымақтастықты дамыту маңыздылығына тоқталып, Орталық Азияның инвестицияларды ілгерілету агенттіктерінің желісін (CA-IPAN), аймақтың Біртұтас инвестициялық порталын құру және Орталық Азияны «Invest Central Asia» біртұтас брендімен таныту қажеттілігін атап өтті.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының инвестициялық жобаларды «бір терезе» принципі бойынша қосу тәжірибесі және инвесторлар үшін цифрлық қызметтерді дамыту бағытындағы жұмыстар туралы мәліметтер берілді.
Іс-шараның соңында Равшанбек Сабиров қатысушыларды Қазақстан Республикасының Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету аясында өтетін Инвестициялық форумға қатысуға шақырды. Форум 2026 жылдың 24-25 маусымында Алматы қаласында өтеді.
Дөңгелек үстелдің қатысушылары Орталық Азия елдерінің инвестицияларды ілгерілету бойынша агенттіктерінің арасындағы ынтымақтастықты нығайту, аймақтың инвестициялық мүмкіндіктерін бірлесіп таныту және жаңа инвесторларды тарту бойынша одан әрі қадамдарды талқылады.




