Бүгін, 3-қарашада, Қазақстан Республикасының Президентіне қарасты Инвестициялар бойынша ұлттық агенттіктің басшысы Равшанбек Сабиров және Ganfeng Lithium Group Co., Ltd. компаниясының вице-президенті Чжу Тяньлун өзара түсінісу және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Документ инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға, оның ішінде тау-кен өнеркәсібі, заманауи технологияларды енгізу және Қазақстан Республикасының аумағында перспективалы жобаларды іске асыру бағыттарында өзара әрекеттесуді кеңейтуге бағытталған.
«Қазақстан үшін ұзақ мерзімді инвестициялық жобаларды іске асыруға қызығушылық танытқан халықаралық компаниялармен ынтымақтастықты дамыту маңызды. Біз заманауи технологияларды енгізуге, тәжірибе алмасуға және экономиканың салаларын дамытуға, елдің инвестициялық потенциалын нығайтуға мүмкіндік беретін бастамаларды бірлесіп әзірлеуге ашықпыз»
— Равшанбек Сабиров
Меморандумның аясында тараптар өзара әрекеттесуді дамытуға, ақпарат алмасуға және перспективалы инвестициялық бастамаларды іске асыру мүмкіндіктерін бірлесіп қарастыруды білдірді.




