Бүгін, 5-қазанда, Қазақстан Республикасының Президентіне қарасты Инвестициялар бойынша ұлттық агенттіктің басшысы Равшанбек Сабиров Оман Султандығының Сыртқы істер министрлігінің Орталық Азия департаментінің басшысы, делегация жетекшісі Шейх Аль-Аббас бин Ибрагим Аль-Харти бастаған Оман Султандығының делегациясымен кездесті. Кездесуге екі елдің мемлекеттік органдары мен ұйымдарының өкілдері де қатысты.
Кездесу Қазақстан Республикасының экономика, инвестициялар, сауда, энергетика, транспорт, туризм, ауыл шаруашылығы және басқа да басым салалар бойынша тиісті мемлекеттік органдарының, сондай-ақ Инвестициялар бойынша ұлттық агенттіктің өкілдерінің қатысуымен ведомстволараралық форматта өтті.
«Қазақстан басым экономикалық салаларда перспективалық жобаларды іске асыруға омандық инвестицияларды тартуға қызығушылық танытады. Біз ұзақ мерзімді серіктестік үшін қолайлы жағдайларды жасауға, инвесторларды тиімді сүйемелдеуге және өндірісті, инфрақұрылымды, жаңа технологияларды дамытуға үлес қосатын жобаларды іске асыруға көмектесуге ұмтыламыз. Омандық инвестициялық институттар мен бизнеспен тікелей байланыстарды кеңейту өзара инвестициялар үшін жаңа мүмкіндіктерді жасауға ықпал етеді деп сенемін»
— Равшанбек Сабиров
Тараптар қазақ-оман экономикалық байланыстарының қазіргі жағдайын және оларды одан әрі дамыту мүмкіндіктерін талқылады. Ынтымақтастықтың басым бағыттары ретінде энергетика және жаңартылатын энергия көздері, туризм және курорттық инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы және өнімді қайта өңдеу, транспорт және логистика, авиация, сондай-ақ цифрландыру атап өтілді.
Сондай-ақ қазақ-оман инвестициялық даму қорын құру, Оман тараптың жеке капиталын тарту және екі елдің инвестициялық институттары мен кәсіпкерлік орта арасында тікелей байланыстарды дамыту мәселелері талқыланды.
Практикалық ынтымақтастықты кеңейту мақсатында бірлескен инвестициялық форумдарды және өзара бизнес-миссияларды өткізуді жандандыру ұсынылды. Кездесудің нәтижесінде тараптар өзара қызығушылық тудыратын нақты жобаларды ілгерілету бойынша жұмысты жалғастыруға дайын екендерін растады.







