Бүгін, 10-қыркүйекте, Қазақстан Республикасының Президентіне қарасты Инвестициялар бойынша ұлттық агенттіктің басшысы Равшанбек Сабиров «XXI ғасырдың биомедициналық компаниясының» (21st Century Biomedical Co., Ltd.) өкілдерімен кездесті.
Тараптар Қазақстанда Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) қолдауымен Дәстүрлі қытай медицинасының индустриалдық паркын құру жобасын іске асыру мәселесін талқылады. Жобаның жалпы құны 1 млрд АҚШ долларын құрайды және оны іске асыру әрқайсысы екі жылға есептелген үш кезеңнен тұрады.
Индустриалдық парктің аясында дәстүрлі қытай медицинасы бойынша ғылыми-зерттеу орталығын құру, дәрі-дәрмек үшін шикізатты қайта өңдеу және сақтау қуаттарын іске қосу, табиғи дәрі-дәрмек құралдарын өндіру, сондай-ақ диагностикалық және денсаулықты нығайту қызметтерін дамыту жоспарлануда.
«Қазақстан үшін инвестицияларды дәстүрлі салаларға ғана емес, ғылым, технология және өндіріспен байланысты жаңа бағыттарға тарту маңызды. Біз жобаны сәтті іске асыруға және ұзақ мерзімді ынтымақтастықты дамытуға қажетті жағдайларды жасау үшін тиісті қолдау көрсетуге дайынбыз»
— Равшанбек Сабиров
Сонымен қатар, жобаның аясында ғылыми және академиялық алмасуларды жүргізу, сондай-ақ жергілікті мамандарды даярлау қарастырылған. Индустриалдық парк толық қуатта жұмыс істей бастағаннан кейін жыл сайын 480 млн АҚШ долларына дейін салықтық төлемдер түсетіні күтілуде.
Кездесуге компанияның халықаралық бағытын және шетелдердегі инвестициялық жобаларын басқарған вице-президенті Цзян Лэй (Jiang Lei) де қатысты. Нәтижесінде тараптар жобаны әзірлеу және іске асыру бойынша одан әрі жұмыстарды жалғастыруға келісім берді.





