Қазақстан Республикасының Президентіне қарасты Инвестициялар жөніндегі ұлттық агенттіктің басшысы Равшанбек Сабиров VIII Қазақстан-Ресей экономикалық форумының аясында өткен «Қазақстан мен Ресейдің аймақтарының сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастығы. Үздік жобалардың таныстырылымы» атты дөңгелек үстелге қатысты.
Іс-шараға Қазақстан Республикасының және Ресей Федерациясының экономикалық бағыттағы министрліктерінің, мемлекеттік органдарының, аймақтық билік өкілдерінің, даму институттарының және бизнес-қоғамдастығының өкілдері қатысты.
Равшанбек Сабиров өз сөзінде Ресей Қазақстан үшін негізгі сауда-экономикалық және инвестициялық әріптестердің бірі екенін атап өтіп, аймақаралық ынтымақтастықты нығайту жаңа бірлескен жобаларды іске асыруға және инвестицияларды тартуға мүмкіндік беретінін айтты.
Сондай-ақ, ол Санкт-Петербург халықаралық экономикалық форумы, «Ресей – Ислам әлемі: KazanForum», VIII Қазақстан-Ресей экономикалық форумы және XII Қазақстан-Ресей аймақаралық конференциясы сияқты алаңдар екі елдің ынтымақтастығын кеңейтуде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
«Қазақстан инвесторлар үшін қолайлы жағдайларды жасау бойынша жүйелі жұмыс жүргізуде. Біз заңдық базаны жетілдіріп, инвестициялық жобаларды сүйемелдеудің заманауи цифрлық механизмдерін енгізіп жатырмыз және оларды іске асырудың барлық кезеңдерінде жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз», — деді Равшанбек Сабиров.
Сондай-ақ, Ұлттық агенттіктің басшысы елдің инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырып, инвестициялық климатты жақсарту, мемлекеттік қызметтерді цифрландыру және инновациялық экономиканы дамытуға бағытталған заңдық бастамалар туралы мәліметтермен бөлісті.
Талқылау барысында өнеркәсіп кооперациясын дамыту, транспорттық-логистикалық инфрақұрылымды жетілдіру, цифрландыру, агроөнеркәсіп кешені және бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері қаралды.














